Көре  тұрып  иіс  алмас  пендені,

Тілінен –у,  қан  ағатын  тісінен.

Талай  рет  үнсіз  қап  ем... 

Ел  мені

Сөккен  шығар   мәңгүрт  па  деп  ішінен.

 

Есесіне  шабыт  ойдың  көзі  боп,

Іргемді  ылғи  аулақ  салып  өңгеден –

Оңашада  өзімменен  өзім  боп,

Құдай  құсап  сөйлесуді  жөн  көрем.

 

Көп  сөз  келіп  кептеледі  көмейге,

Бықсып  жатқан  жаһананы  жағардай.

Өмірімді  бере  саппын  өлеңге,

Сұлулықтан  басқа  түк  те  таба  алмай.

 

Жалғыз  екем  көрсем  әрі,  бері  ойлап,

Ішім  толы  уайым  мен  берішке.

Қалды  менің  қасымда  тек  қарайлап

Поэзия  дейтін  сұлу  періште.

 

Жас  кезінде  керілген  бір  керім - ді,

Әппақ  еді  күн  түспеген  етіне.

Ести – ести  менің  қайғы – шерімді,

Оның – дағы  әжім  түсті  бетіне.

 

Кетіп  еді  бетке  алып  бір  белеңді,

--Дүниенің  шегін  шарлап  қайтам –деп.

Оңашада  айтқаныңды  мен  енді,

Барлық  адам  баласына  айтам –деп.

 

Жанталасып  елді  іздеген  кім  біздей,

Өтіп  жатыр  жылдар,

                                  айлар,

                                          апталар.

Періштені  үйлеріне  кіргізбей,

Мелшиіп  тұр  құлыптаулы  қақпалар.

 

Жалғыз  көйлек  киіп  еді  үстіне,

Тоңды-ау,

                 неге  кіргізбейді  ел  ішке?

Біреуіңнің  көздеріңе  түсті  ме,

Көше  кезген  сол  бір  мұңды  періште?

 

Өзегімді  өксік  буып  мен  іштен,

Өкінемін,

                көз  жасым  ғой  осы  өлең.

...Жанарында  жас  мөлтілдеп  періштем,

Бара  жатыр  ессіз  қалған  көшемен!

 

Көп  сөз  келіп  кептеледі  көмейге,

Бықсып  жатқан  жаһананы  жағардай.

Өмірімді  неге  бергем  өлеңге,

Сұлулықтан  артық  түк  те  таба  алмай?