Алдияр  Ата - өр  елім,

Өршіп  бір  аққан  өзенім.

Ақының  келді  алдыңа,

Өлеңмен  өртеп  өзегін.

Ат  жалы,  түйе  қомында

Арманын  қуған  ел  едің.

Егемен  ел  деп  атанар,

Келіп  түр  бүгін  кезеңің.

 

Отаршыл  болса  сұм  тағдыр,

Отаншыл  әнді  шырқар  кім?

Томаға  жапты  жанарын,

Тордағы  тұтқын  сұңқардың.

Жалына  талай  жығылдық,

Тағы  боп  өскен  тұлпардың.

Келдің  бе, Қызыр-даламнан,

Иісі  сіңген  жусанның.

 

Еңсесі  түсіп  ердің  де,

Егілген  шағын  көрдің  бе?

Қуғынға  түскен  қайран  тіл,

Құрдымнан  қайтып  келдің  бе?

Қам  көңіл  болған  қарттарды,

Көтерейін  деп  келдің  бе?

Қаз  басқан  мынау  жастарды,

Жетелейін  деп  келдің  бе?

 

Армандап  өткен  бабалар,

Сұрапыл  кешкен  әкелер,

Жесірлік  шеккен  шешелер,

Сара  бір  жолды  төсеген.

Шапағатымен  солардың,

Көгерген  шығар  көсегем.

Бағаңды  кейде  білмесем,

Балаңды  мына  кеше  гөр!!!

 

 

 

 

 

                    ***

 

Жиырма  бірінші  ғасыр  басында,

Арбасып  түрлі  тәсілдер.

Әлемнің  алып  сахнасында

Өтуде  спектакілдер.

 

Декорация – сынақ  алаңы,

Даламның  құзы,  қиясы.

Соғыстың  сойқан  драмалары,

Саясат  комедиясы.

 

Сахнада  қалық  алмастырылып,

Сомдайды  дара  тұлғаны.

Қазағым  отыр  малдасты  құрып,

Рольден  мақұрым  қалып.

 

Жасағанына  сиынып  дара,

Өткізген  мүлгіп  сағатын.

Салмайды  көзін  сұлулыққа  да,

Әлемді  сақтап  қалатын.

 

Ханзада  едің  Ғұндардан  қалған,

Қасиет  бойдан  қашқан  ба?

Қарауды  қойдың,  жұлдызы  жанған,

Армандай  анау  аспанға.

 

Шексіздікті  бір  сүйінші  көріп,

Аларсың  ғибрат  ғаламнан.

Әлемнің  сансыз  түйіршіктері,

Тетігін  тауып  қаланған.

 

Сезбейді  бірақ  кереметтерді,

Ұйқысын  қазақ  бұлдаған.

Тұсынан  „түнгі  көбелектердің“,

Өтеді  жылдар  мыңдаған.

 

Егемендік  пен  қандас  бұрыннан,

Жетсе  де  елге  азат  күн.

Құлдық  санамен  заңдастырылған,

Ұйқыда  тілі  қазақтың.

 

Қолында  жаттың  несібің  қалып,

Жете  алмай  елге  сұранып.

Қалың  қазақтың  есігін  қағып,

Міржақыптың  жүр  ұраны.