Біржолата  өшіріп  үмітімді,

Жанарыңа  жалғанның  мұңы  тұнды.

Көңіліме  орнатты  қою,

                                             қара,

Көзге  түртсе  көргісіз  ұры  түнді.

 

Көкке  тиіп  тұратын  төбең  кеше,

Құлайды  екен  тамұққа  төмендесе.

Бір  жұлдызын  қимады  айсыз  аспан,

Бір  шырағын  қимады  өгей  көше.

 

Қай  мөлшерде  құбыла  байқамадым,

Қою  қарңғылықта  шайқаламын.

Тартылыссыз,

Салмақсыз  тұнжыраған,

Тұңғиықтың  тұтамын  қай  торабын.

 

Адасқанға,

Кірпігін  түнге  малып,

Бар  екенін  бір  сәуле  білген  азық.

Үміт  отын  іздеймін  жанарыңнан,

Бірде  сөніп,  тұратын  бірде  жанып.