Табанын  құмға  қарытып,

Тереңге  тартқан  тамырын.

Сексеуіл- абзал  арысым,

Өзімді  сенен  таныдым.

 

Күн  қақтап  төсін  шілдеде,

Кеудесін  аптап  қуырған.

Жерлесім,  екеумізге  де,

Бір  ғана  тағдыр  бұйырған.

 

Жаз  бойы  сағым  аунайтын,

Қырлардан  қиқу  қайтардық.

Табиғатымнан  аумайтын,

Бұйырған  бізге  қайсарлық.

 

Жығылсақ  шөлден  тізерлеп,

Көтердік  қайта  еңсені.

Бұл  жерден  бізді  жібермес,

Өсетін  елдің  өркені.

 

Ақ  жалын  жұтып  өтеміз,

Құм  емес  қызыл  шоқ  басып.

Өшкен  күнде  де, 

                               өшеміз

Қыздырып  ошақ,  отбасын.

 

Өрмелеп  шығып  қыратқа,

Балтырдан  баттық  шағылға.

Жібермес  жерден  қуат  бар,

Тереңге  тартқан  тамырда.

 

Жұлқынып  күзде  өкпек  жел,

Құшса  да  қыстың  бораны.

Жеткізер  сәлем  көктемнен,

Тоғысқан  желдер  торабы.

 

Аңызақ  жанып,  қамшылап,

Кезерген  ерні  далада,

Шөліркеп  ішкен  тамшыдан,

Шәрбатың  кетер  садаға.

 

Сағымын  силап  көгілдір,

Бізге де  көктен  күн  күлген.

Ащысын  татпай  өмірдің,

Тәттінің  дәмін  кім  білген?