Қайыңдар  қалды  тоналып  желмен,

Жапырақ  түсті  үзіліп.

Жап –жасыл  күйі  тұр  жалғыз  емен,

Қараймын  соған  қызығып.

 

Бұнымен  жасты  тоғышар  тоғай,

Отын  да  бола  алмады.

Жайқалып  өскен  тағдырды  талай,

Қатыгез  өмір  жалмады.

 

Жұтынып  аспан, 

Жұлқынды  дауыл,

Жауындар  ұрды  бұршақтап.

Бүк  түсіп  қалды  жоталар  жауыр,

Тек  емен  сұсын  тұр  сақтап.

 

Батыр  да  өзі,

Балуан  да  өзі,

Күресте  қатал  шыңдалған.

Өткізді  жалғыз  тәкаппар  төзім,

Сүрінтпей  талай  сындардан.

 

Соғыста  сонау  қорғасып  елді,

Қарыды  оттың  аптабы.

Діңгегі  толы  қорғасын  еді,

Ара  да  бұған  батпады.

 

Жаңбырмен  күзгі  кеудесін  жуып,

Айнымас  жайсаң  күйінен.

Жамыраған  желмен  жапырақтың  шуы,

Органның  кем  бе  үнінен.

 

Осындай  өмір  өткерген  емен,

Өлімге  қалай  қиясың?

Бетховен  сынды  қайсар  да  керең,

Шертеді  симфониясын.