Алпыс  жаста  аптығым  бір  басылмай,

Шайқап  төгем  сезімді,  жырға  сыймай.

Отыз  деген  әлі  жүр  орда  бұзып,

Жиырма  бесің  әлі  де  құрдасымдай.

 

Дәріс  болмай  жалғанның  жалғандығы,

Миға  кірмей  жастықтың  қалғандығы.

Әлі  күнге  жүреді  жарға  жығып,

Он  бестегі  жүректің  аңғалдығы.

 

Дүрліктіріп  жанымның  жапырағын,

Жүрегімде  қып-қызыл  жатыр  ағын.

Жиырмадағы  аруға  өліп-өшіп,

Ғашық  бола  салады  ақымағым.

 

Өлер  жерін  біле  ме,  ақын  бірақ,

Шақырады  жұпар  гүл,  жасыл  құрақ.

Өмір  жайлы  сырласа  қалсам  егер,

Менен  гөрі  немерем  ақылдырақ.

 

 

 

                     ***

 

Жарға  жықты  жабайы  Жылқы  жылым,

Мүшел  жаста  жанымның  жыртығы  мың.

Ала  қашқан  жылдар  да  баса  алмайды,

Саған  деген  жүректің  құлшынуын.

 

Құпиясы өмірдің ашылғанда,

Самайыма  ақ  күміс  шашылғанда,

Мен  өзіңе  ғашықпын!!!

-- Кәрілік  ше?

-- Оның  не  ақысы  бар  ғашық  жанда?

 

 

 

 

                  ***

 

Көңіл  күңгірт,

Күзгі  кештей  тұр  налып,

Бұлт  астынан  ай  қарайды  ұрланып.

Салқын  қанды  бір  сапырып  алайын,

Самал - сақи,  шарабыңнан  құй,  кәне!

 

Қабынды  ми

Ойлауменен  бас  қамын,

Құй  кесеме  күздің  қою  аспанын.

Жаңбыр  селін,

Жапырақтар  тұнбасын,

Ашынаның  ащы  махаббаттарын.

 

 

Бөбек  тілді  балғын  жырдың  дәптерін,

Жарға  жыққан  жастық  шақтың  әттеңін,

Достарымның  үнсіз  мақұлдағанын,

Сенгенімнің  серттен  тайған  сәттерін,

 

Кірпік  ілмес  қысқа  түннің  қызығын,

Нәпсі  құлы – құштар  құшақ  қызуын,

Сапырып  бер,

Суарайын  сезімді,

Шалабыңа  қанар  емес  құзырым.

 

Заман  мынау  қиындықтан  бас  бұққан,

Талай  тарлан  пана  тапты  мастықтан.

Мені  де  ая!..

Есірткіңді  езіп  бер,

Өлер  болдым  Рухани  аштықтан.