Құшып, 

Сүйіп,

Сейіліп  түн  тұманы,

Екі  ғашық  маужырап  тыншығады.

Тек  жүректер – кеуденің  тұтқындары,

Бір-біріне  жете  алмай  тұншығады.

 

Мейлі  тәнің  бірауық  дамылдасын.

Білгеннен  соң  басқа  амал  табылмасын,

Тықыршиды  қапаста  екі  мұңлық,

Тықылдатып  кеуденің  қабырғасын.

 

Жүрек  тілі  құпия, 

                              айдан  анық,

Алтыншы  қабырғаны  сайлап  алып,

Бір  біріне  сезімін  жеткізеді,

Сана  жетпес  ұйқасты  пайдаланып.

 

Алқындырып  арудың  нәзік  төсін,

Аттан  салып  іздейді  әріптесін...

- Екі  жүрек  қарашы, 

                                 оқымай- ақ

Түсінеді  Морзенің  әліппесін.