Тәңірім,

Сақта  әйелді,

Білетін  айла,  пәлеңді.

Күнәнің  тәтті  балына,

Батырған  бүкіл  әлемді.

 

Қиынға  жердей  төзімді,

Құтыртқан  құмар  сезімді.

Ғажайып  әлем – жатыры,

Жалғаған  құйттай  өмірді.

 

Арбаған,

Өзі  арбалған,

Сезімге  күң  боп  жалданған.

Ләззат  алып  таңдардан,

Өмірлік  жолы  жалғанған.

 

Құштарлық  ұрлап  жастығын,

Құлы  да  болған  нәпсінің

Дәмін  де  татқан  ащының,

Дәмін  де  татқан  тәттінің.

 

Бақпаған  артын  әліптің,

Аяй  көр,  Аллам,  нәзікті.

Сайтандық  пенен  пәктікті,

Маңдайға  тағдыр  жазыпты.

 

Сұлу  боп  туған  анадан,

Көркіне  тәнті  бар  адам.

Жемістен  піскен  дәметіп,

Жігіт  те,  шал  да  қараған.

 

Жүйкесін  жүндей  түтетін,

Жолыңды  жылдап  күтетін.

Тәңірім,

            сақта  әйелді,

Тозаққа  барып  түсетін.