Әлди,  әлди  жүрегім,

Мекен  қылып  жыр  елін,

Тіл,  көзінен  сұлудың,

Сақтап  сені  жүр  едім.

 

Қабыл  болмай  тілегің,

Неден  кенет  жүдедің?

Жадылады  сені  кім,

Табайыншы  бір  емін.

 

Бірге  айтамыз  әнді  біз,

(Бақта  міне  жанды  күз)

Алып  кетті  ұйқыңды,

Алып  кетті  әлгі  қыз.

 

Сабыр,  жүрек,  асықпа,

Қан  арнасын  тасытпа.

Жалын  қуған  көбелек,

Еліктеме  ғашыққа.

 

Ақиқат  бар  сөзімде,

(Аңғалсың-ау  өзің  де).

Сұлуларды  түгендеп,

Бітірмейсің  өмірде.

 

Он  бесінде  толады  Ай,

Толған  қыздан  бол  абай.

Лүпіліңнен  жаңылсаң,

Кетеді  олар  жоламай.

 

Шаштары  да  әдемі,

Қастары  да  әдемі.

Қандай  жарға  соқтырар,

Әсемдіктің  әлемі.

 

Әуселесін  байқармыз,

Арбап  бақты  сайқал  күз.

Қабағының  астынан,

Жымияды  сайтан – қыз.

 

Көзіңді  жұм,  қарама,

Алдыңда  аппақ  шағала.

Абайсызда  аларсың,

Қауырсынын  жаралап.

 

Арқалаған  жар  жүгін,

Жүректер  де  бар  бүгін.

Әр  жақсыға  көз  салма,

Жалқы  жүрек – жалғызым.

 

Бітпес  дауға  қаларсың,

(Сабыр  түбі  сары  алтын).

Өшірейін  шырақты,

Көздің  шырын  аларсың.

 

Тірлік  басқа  күндізгі,

Дуалайды  түн  бізді.

Сөндірейін  Айды  да,

Өшірейін  жұлдызды.

 

Әлди,  жүрек,

                 әлди-ай,

Түн  төсінде  қалғыды  Ай.

Махаббатты  сорыңа 

Жаратты  екен  қай  құдай.