Сиқырлы  түн  тауыстың  құйрығындай,

Кереметке  көр,  кәне,  құлдық  ұрмай.

Қызыл,  жасыл  ұшқындар жымыңдайды,

Алқаракөк  аспанның  құрдымында.

 

Қою  қараңғылықты  дара  кешіп,

Қызыл  ұшқын  батыста  барады  өшіп.

Сансыз  сәуле  төсінен  шашыратып,

Космосқа  жылжиды  қала  көшіп.

 

Жететіндей  дәл  бүгін  құштарына,

Түн  разы  ғаламды  құшқанына.

Бетін түзеп үшінші  мыңжылдыққа,

Қала  көшіп  барады  құс  жолына.