Анам  марқұм,  ұйқысы  сергек  еді,

«Кеш  тұрғанның  ырысы  кем»-дер  еді.

Оянатын  әтештің  үніменен,

Ырыс  теріп  соңынан  ел  де  ереді.

 

Шық  қонады  таң  ата  күзгі  гүлге,

Күз  пейілден  күдерін  үзді  мүлде.

Анам  мәңгі  ұйқыда,

Енді  әтешті,

Елеп  жатқан  ешкім  жоқ  біздің  үйде.

 

Күн  нұрына  табынған  дана  шалдай,

Шығысқа  көз  қадайды  дала  талмай.

Тауықсыз  да  келеді  таң  бозарып...

Әтеш  әуре

Анамды  оята  алмай.

 

 

                       ***

 

Алдыңда  әлі  үлесің,

Алдыңда  әлі  күткенің.

Әжең  өлсе  білесің,

Еркеліктің  біткенін.

 

Адам  жоқ  қой  ажалсыз,

Жалғасады  ғұмырың.

Әкең  өлсе  амалсыз,

Ержетесің,  құлыным.

 

Өмір асау  сәйгүлік,

Сипатпайды  сауырын.

Анаң  өлсе  сол  күні,

Қартаясың,  бауырым.