Жандай-ақ  шыққан  жындыханадан,

Талақ  қып  темір  төсегін.

Келемін  қаңғып  түнгі  қалада,

Тәртібін  бұзып  көшенің.

 

Жанарым  түннің  отына  қарығып,

Арбайды  жасыл  жарықтар.

Аспан  бір  алып – Океанариум,

Жұлдыздар – алтын  балықтар.

 

«Оят-деп-мына  жанның  ғаламын»,

Ақынды  Алла  жұмсаған.

Оята  алмай  жалғыз  қаланы,

Аспанға  мен  де  мұң  шағам.

 

Аңсарын  елге  ақтарып  төккен,

« Оян,  қазақ»--деп,

Азат  кіл—

Мезгілсіз  көкке  аттанып  кеткен,

Жұлдыздар  самсап  қарап  тұр.

 

Бағасыз  талант  бағы  жанбаған,

Қоғамы  қуған  табалап.

Баспаға  мүлдем  қабылданбаған,

Оқиды  жырын  ғаламат.

 

Жүлдеге  көкте  жамбы  тігіліп,

Жиһаннан  жауһар  жинаған.—

Ақындар  мұнда,

Жарғы  түгілі,

Жалғанға  басы  симаған.

 

Етегін  таңның  құшып  көшетін,

Таусылса  түнгі  қыдырыс.

Жұлдыз  боп  көкке  ұшып  кететін,

Ақындар – заңсыз  құбылыс.

 

 

           ***

 

Қандай  әппақ  әлемнің  кеңістігі,

Жаңбыр  шәйған  пәк  гүлді  келісті  ғып.

Молда  барар  мекені  періштенің,

Қызығына  жетпейді  жер  үстінің.

 

        Табиғатты  түйсіксіз  санасаң  да,

        Құстың  тілі  тамаша  ала  таңда.

        Ауладағы  дән  терген  балапанға,

        Көз  тоймайды  мәңгілік  қарасаң  да