(Жұбан  Молдағалиевке)

 

Бар  күнәсін  арқалап  бұрынғы  елдің,

Көшті  бабаң  үстінде  жұмыр  жердің.

Шұбырынды  ақтабан  із  қалдырып,

Соңғысысың,

«Мың  өліп  тірілгеннің.»

 

«Қазақ»  атты

                    ежелден  ерікті  елдің,

Азаматтық  рухын  өріп  бердің.

Отан  үшін  от  кешіп,

                                  оққа  төтеп,

Жаһаннамын  соғыстың  көріп келдің.

 

Бір  халықтың  бейнесін  мүсіндедің,

Ажалдың  да  алдында  кішірмедің.

Соңғы  түйе  секілді,

                           керуеннен

Қалған  жүкті  қомыңнан  түсірмедің.

 

Бетке  айтуға  шындықты  тілің  жеткен,

Үйлесімді  шығатын  үнің  көппен.

Сескенбейтін  ұлықтан  семсер  мінез,

Колбиннің  де  саусағын  дірілдеткен.

 

Егемендік  тұншығып  бесігінде,

Титықтаса  тарихтың  көші  мүлде.

Тұмар  болды  жырларың  жетеліге,

Ұран  болды  ұрпаққа  есімің  де.

 

Ерте  ме  кеш  бұл  фәни  көзін  ілер,

Тіршіліктен  күдерін  төзім  үзер.

Сен  жүгіңді  межеге  жеткізерсің,

Арғы  жағын  тарихтың  өзі  білер.