Ащы  айғайға  тұнғанда  талақ  ғалам,

Азусыздық  ақынға  жараспаған.

Адуынды  ащы  сөз  жүзін  қарып,

Әкім  біткен  ақынды  аластаған.

 

Уа,  Мұқа!

Аласталса  дарын  біткен,

Сен  емессің  жалтақтап  жанын  күткен.

Ақын – дауыл,  тынышсыз  тағдырымен,

Арпалысып,  от  шайнап  жалын  бүріккен.

 

Ақындық  адалдықтан  басталады,

Сарбазы  әділеттің – асқақ  әні.

Тапталды  аярларға  тұғыр –тірлік,

Сақталды  тек  ақынның  аппақ  ары.

 

Тұрсада  көмейде  өлең,  баста  бағы,

Бұйырды  бұл  заманның  «Ақтабаны».

Жетістіктен  сақтады  сені  тағдыр,

Жетімдіктен,  қайтейін,  сақтамады.

 

Тұншыққанда  тірліктің  мақпал  әні,

Ақтамады  сені  ешкім,

Жақтамады.

Таласынан  сақтады  мансапқордың,

Табасынан  дұшпанның  сақтамады.

 

Ән  өшіп  құлағында  кереңдердің,

Ішқұса  боп  өттің-ау,  кемеңгерім.

Балалықтың  бұйырмай  бал  дәурені,

Даналықтың  жұтыпсың  шемен  шерін.

 

Тасқанда  өлең-өзен  ыршып  ағып,

Қаншама  бөгет  құрды  сыншыларың.

Қанша  ұстады  пенделер  көлеңкеде,

Талантыңның  қызғанып  күншуағын.

 

Тоздырып  төзімді  де, 

                             тағатты  да,

Кіл  өзіңді  баладың  жауаптыға.

Қаншама  көрсоқырдың  қылығы  үшін,

Қамадың  өзіңді -өзің  абақтыға.

 

Шарқ  ұрып  шабытыңа  желік  берген,

Енді  жалын  шашпайды  көрік  кеудең.

Шындық  үшін  шырылдап  отқа  түсіп,

Жан  едің  өмірде  де  өліп  көрген.

 

Ел  өсті, 

Сана  оянды  бұл  күндері,

Тұншықты  көре  алмастар  күңкілдері.

Өзгенің  оғы  жетпес  тағы  тарлан,

Өзіңнен  сені  сақтау  мүмкін  бе  еді?

 

Ғарышқа  қанатыңды  жайдың - дағы,

Ғайыпқа  кеттің  сіңіп,  қайрылмадың.

Жетімсіреп  қалды  ғой  Жетімкөлдің,

Аққуын  әлдилеген  айдындары.

 

Шөліркеп жыр –жаңбырын  қабылдаған,

Қалды  ғой  жетімсіреп  сайын  далаң.

Тұп – тұнық  мөлдірейді  жырың  ғана,

Тамшыдай  жапырақта  дамылдаған.

 

Өрлікке  қызықтырып  қырандарды,

Ілініп  шың  төсіне  қиял  қалды.

Қай  заман, 

              қылыш  қанат  қыран-ақын,

Тағдырдың  уысына  сыя  алғанды.

 

Десек  те  тәңір  торы  қол  байлады,

Қорғады  ел  өнеріңді,  қорғайды  әлі.

Жырыңды  осы  күні  жатқа  айтады,

Ел  түгіл  туған  жердің  торғайлары.

 

Сен  деген  сағынышын  сабылдырып,

Салады  сары  белде  сағым  бүлік.

Жайқалады  қайыңда  жапырақ –жыр,

Өлімді – де  өмірге  бағындырып.