(Мәдина  Ералиеваға)

 

Қайырлы  таңда  қанатын  қағып,

Желпінді  әуен – қыр  оты.

Қаймана  қазақ  даласындағы,

Ғажайыптардың  бірі  осы.

 

Ғажайып  әуен  құйып  эфирден,

Сайрады – ай  симай  арнаға.

Алланың  әділ  құдіретінен,

Жаралғандай-ақ  дәл  жаңа.

 

Бейне  бір  аспан  адырнасында,

Керілген  күміс  сезімдей.

Сайрады  көмей.

Адыр  басында

Шолпан  тұр  әлі  көз  ілмей.

 

Ұмытып  таңды,

                         қия  алмай  әнді,

Ай  жүрді  көкті  айналып.

Сыңғырлы  әуен  тербеді  жанды,

«Құлақтан  кіріп,  бойды  алып».

 

Кемерлі  кеуде  тар  боп  тынысқа,

Алардай  жұлып  өкпені.

Аспанның  асты  толды  дыбысқа,

Уыздай  ұйып  оттегі.

 

Сандуғаш  көмей –даламның  даусы,

Ғаламның  даусы,  жүз  үнді.

Қайталанбайтын  заманның  даусы,

Шарықтап  барып  үзілді.

 

Үзілді,

Жанын  қарып  жасынға,

Бұйырмай  басқа  бір  сауға...

Желетек,  жеңіл  қарындасындай,

Транзистор,  әне,  тұр  сайрап.