Дұшпандарым!

Жүріңдер  жерде  тірі.

Сендерді  де  тербеген  ел  бесігі.

Сендер  мықты  болсаңдар  менің-дағы,

Өмірімнің  болмайды  кем  кетігі.

 

Әдейі  айтып  тұр  деме  мұның  бәрін,

Өздеріңе  ежелден  сырым  мәлім.

Қадамымды  аңдыған  біреу  болса,

Ширап  беки  түседі  буындарым.

 

Қуанышты  білмес  ем – торықпасам,

Өжеттікті  білмес  ем – қорықпасам.

Аңқаулықтан  алысқа  шықпас  едім,

Сендер  қазған  апанға  жолықпасам.

 

Жақыныңа  зер  салмай,

                                          алысыңа,

Немқұрайды  қарар  ем  ғарышыңа.

Парықсыз  боп  өтер  ем,  ұйқылы-ояу,

Сендер  келіп  тидіңдер  намысыма.

 

Нәзік  едім  тым  жиі  зәбірледің,

Шайқасуға  өзімді  әзірледім.

Қазір  менен  осалдық  табу  қиын,

Өкпелету  тым  қиын  қазір  мені.

 

Нысана  боп  көбіңе  момындығым,

Кесіп  менің  өтпеді  жолымды  кім.

Өжеттікке  үйрендім  бірте-бірте,

Жармасады  жағаңа  қолым  бүгін.

 

Жан  емес  ем  бірліктің  күшін  білген,

Көбелек  ем  гүл  қуып  ұшып  жүрген.

Сендерсіңдер,

                     жабылып  құмырсқадай,

Өмір – күрес  екенін  түсіндірген.

 

Не  болар  деп  толғанып  ертең  күнім,

Жырға  қостым  мен  сонда  ел  теңдігін.

Сонда  білдім  Үшқара  биіктігін,

Сонда  білдім  Талдының  көркемдігін.

 

Жырларыма  жалынын  жиып  кектің,

Нажағайлы  нөсер  боп  құйып  төктім.

Қайғы  бұлтын  тарқатып  қабағынан,

Қарқаралы  шыңдарын  биіктеттім.

 

Бара  жатыр  шегініп  күдік  деген,

Сенім  серік  болар  деп  үміттенем.

Дұшпанымның  зәбірі  арқасында,

Достарымның  қадірін  біліп  келем.

 

Жалғыздықтан  жете  алмай  арманына,

Талай  боздақ  тұншығып  қалмады  ма?

Жолдас  жидым  қазақтан,

                                              орыстан  да,

Енді  мені  іліп  көр  қармағыңа.

 

Құшағына  ендім  де  ғажап  үннің,

Қайсарлықты  жыр  қылып  жаза  білдім.

Ұры, 

        қашқын  Мәди  деп  кеміттіңдер,

Ұлы  болып  өстім  мен  қазағымның.

 

Бір  ауылда  шырқасам  жыр  асылын,

Үш  ауылдан  қуғыншы  шығатұғын.

Қуа-қуа  өздерің  өсірдіңдер,

Мәди  атты  қазақтың  бір  ақынын.

 

Сендер  үшін  от  басып,  құшқам  жалын,

Сендер  үшін  бойыма  күш  қармадым.

Қуыс  кеуде  мүсәпір  бола  алмаймын,

Сендер  мықты  болсаңдар,  Дұшпандарым.