Саған  ғана  ішкі  сырым  ашық  ед,

Сен  құптадың  көздеріңнің  жасы  кеп.

Жетімдерді  түсінетін  жетімдер,

Қайғы –мұңды  түсінетін – қасірет.

 

Қызды  сүйдім  жетімдікті  көрмеген,

Жұлдыз  бейне  күн  шықса  да  сөнбеген.

Қанша  ұмтылсам  қолым  менің  жетпейтін,

Елес  тұрды  көз  алдымда  көлбеген.

 

Ұмытып  көр  ұмытылмас  ой  болса,

Ұмытылмас  ажал  жұтып  қойғанша!

Ақ  көйлегін  шығатұғын  киіп  ол,

Досымыздың  туған  күні  тойланса.

 

Көз  ілмеуші  ем  соны  ойлап  ақ  таңда,

Күн – Апаллон  күміс  нұрын  жаққанда.

Көк  көйлегін  шығатұғын  киіп  ол,

Көктем  келіп  гүлдер  көктеп  жатқанда.

 

Ақ  көйлек  те,

Көк  көйлек  те  жоқ  менде,

Жасушы  едім  ол  қасымнан  өткенде.

Қалай  қалдым  жыламай  деп  таң  қалам,

Көзім  алды  жасқа  толып  кеткенде.

 

Неткен  қатал  мына  өмірдің  жолдары,

Сөйтіп  мені  қайғы  бұлты  торлады.

Көк  етікті,

Көк  көйлекті  жігітке,

Мені  сатып  кете  барды  ол –дағы!

 

Мен  кешермін,

Тағдыр  бірақ  кешті  ме?

Ессізге  емес,

Сендерге  айтам  естілер.

«Мен  де  әлі  бір  жетермін»-дегенді,

Айта  алмадым,

Кетті  ол  да  естімей!

 

Басқа  сенбес,  бірақ  өзің  сенесің,

Артта  қалды  бала  күннің  елесі.

Мен  әдемі  келе  жатсам  киініп,

«Мынау  қалай  байып  кеткен?»-демеші.

 

Көмейіме  қойса  да  айтам  от  тығып,

Ақиқатсыз  адамның  да  жоқ  күні.

Біреулерді  пенде  еткен  де  сол  байлық,

Періште  еткен –

Сол  байлықтың  жоқтығы!

 

Көзіменен  көрмегендер  сенер  ме,

Айтып  оны  уағыздаман  тегі  елге.

Мен  сенбеймін;

Көк  көйлекті  жігітпен,

Сол  қыз  менен  бақыттырақ  дегенге!