Дауласудан, 

Жауласудан  дін  аман,

Кәдімгі  бір   қорқатындай  күнәдан.

Ережесіз, 

Қағидасыз

Өмірде,

Қарға  адым  жер  аттамайды  бұл  адам.

 

Шындық  осы,

Шариғатқа  ұқсайтын,

Тыныш  жүрсең,  ереже  бар  ықтайтын.

Хан  жарлығын  бұзбақ  түгіл,  әуелі,

Қатыныңның  жарлығынан  шықпайсың.

 

Тұрмыс  бүтін  ережеге  бағынған,

Сен  де  бағын,  

Бүлінбе  де  қағынба.

Қайда  барсаң  қарсы  алдыңнан  шығады,

Тасқа  қашап  жазып  қойған  қағида.

 

Көш  соңында  жүру  бізге  тән  қылық,

Тартып  кетсең, 

Төте  жолды  шаң  қылып.

Ұрлығыңның  дәл  үстінен  түскендей,

Сұқ  саусағын  шошайтады  заңдылық.

 

Біз  тәртіпке  бағынышты  кісіміз,

Әкімдердің  әлібінен  кішіміз.

Бір  күштінің  күшігіне  ұнасаң,

«Lege  artjs»*  бола  қалар  ісіңіз.

 

Бәрі  бізсіз  ойлап-пішіп  жасалған,

Ережеден  жер  таппайсың  қашарға.

Теореме  шешетұғын  талантқа,

Аксиома  ұсынамыз  қашанда.

 

Қоғам  бізді  бағындырмай  қоймаған,

Табиғи  Өз  қасиетін  жойды  Адам.

Абай  ғана 

Тобықтының  тобырын,

Мойындамай

Өз  миымен  ойлаған.

 

*Lege  artjs \лат\ -- өнердегі  заңдылық.