Ол –

Ескерткіші  отты  күндердің  баяғы...

Ол –

Отаным,  сенің  өмірбаяның.

Соғыс  оның  тек  кеудесін  қалдырып,

Есесіне  алып  қалған  аяғын.

Ол –

Отаным  сенің  өмірбаяның.

 

Көрсе  де  өмір  теперішін  не  түрлі,

Түскен  жара  ұмытылды – жетілді.

Алып  келе  жатыр  оны  құлатпай,

Бес  ұлы  бар –

          Бес  жұлдызы  секілді!

 

Ол –

Тарихтың  Сауалы  бір  ұққанға,

Ол –

Уақыттың  Зауалы  бір  ұққанға

Өмір  сүріп  келе  жатыр  құламай –

Бес  жүрегі  соғып  тұрғандықтан  ба?!

 

Соны  көрсем  ойға  шомам,  шошынып,

Оянамын  түндер  сайын,  о,  сұмдық!

Көз  алдыма  келеді  ылғи,

                                           соғыстың

Ағып  жатқан  Қан  мен  Тері  жосылып.

 

Қирағандар –

Қайта  туып,  түзелмек,

Ал  жараны  жазу  қиын  жүз  емдеп...

Содан  бері  51 жыл,  әлгі  адам,

Өмір  сүріп  келе  жатыр  тізерлеп.

 

«Сындырғанын  уақыт  өзі  түзесін» --

Деп  тіршілік  етеміз  бе  біз  осы?

Жарты  ғасыр  келе  жатқан  жер  басып,

Қалай  жанып  кетпейді  екен  тізесі?!

 

Алтын  нөсер  болып  күнде  жаусақ  та,

Тажал  өрті  сөнер  емес  ал – сақтан!

Соғыс –

Сені  ұмытқан  мен  жүректер –

Ұмытпайды  мынау  жанған  саусақтар!

 

Соғыс,

Сенің  от – ойраның  жетеді,

Жазылмапты  жарақатың   кешегі...

Ардагерлер  қалса  сені   ұмытып,

Мен  де  сені  ұмытып-ақ  кетейін!