Асауға  мініп,  ауыздықпенен  алысып,

Үстірттен  соққан  үскірік  желмен  жарысып.

Ғұндарға  еріп, 

Ордостан  шығып  Үрімде,

Еділ  бабаммен  қауышып,

Өмір  сүргім  келеді.

 

Арлан  тағдырым  ауыл  иттерге  таланып,

Жарамды  жалап,

Қан  қатып  қалған  қабарып.

Жауыз  біткендер  жайратып  мені  сала  алмай

Ізіме  түссе  шам  алып,

Өмір  сүргім  келеді.

 

Тұлпар  ізіне  тұнған  шалшыққа  жуынып,

Сальеридің  қалдығын  ішіп  уының.

Күнәға  батып  Адам  мен  Хауа  анадай,

Пейіштен  мүлдем  қуылып,

Өмір  сүргім  келеді.

 

Тамшы  боп  тұнып  жанарын  ашқан  хауызда,

Қалтырап  тоңып  қаһарлы  дүлей  дауылда.

Бітірген  ісім,  зая  жұмсалған  күшім  де,

Айналып  кетіп  аңызға.

Өмір  сүргім  келеді.

 

Самалды  сайдың  оятып  әнмен  бұлбұлын,

Жаңбыр  боп  шәйіп  бойжеткен  нәзік  қыр  гүлін.

Ақ  торғын  шәйі  орамал  болып  оралып,

Мықынын  қысып  құрбының,

Өмір  сүргім  келеді.

 

Аптығып  сезім,  күніне  қырық  жаңылып,

Ат  жалы,  атан  түйе  қомында  сабылып.

Тасыған  қанның  серіппесіне  шыдамай,

Кеткенде  жүрек  жарылып,

Қалғып  кеткім  келеді.