Күмәнсіз  қырды  аралап,

Сөзге  де  келмей  бір  ауыз,

Күнәсіз  кәусар  жағада,

Аялдап  едік  бір  ауық.

 

Шомылдық  күміс  шуаққа,

Қалқалап  Алатауыңды.

Ұсындың  сусын  бұлақтан,

Ожау  ғып  алақаныңды.

 

Ұрттадым  ұзақ, 

                        не  керек,

Тамсана  қарап  тұрды  шың.

Күлдің –ау  сонда  керемет:

--Маған  да  қалдыр  бір  жұтым!

 

Көтердім  әрең  басымды,

Барасың  көңіл  қайда  алып?

Мас  қылып  саған  жақындық,

Аспаным  кетті  айналып.

 

Сезімнің  сәби  тынысын,

Куәгер  шыңдар  көріңдер.

Бір-бірін  үнсіз  ұғысып,

Табысты  дымқыл  еріндер.

 

Бір  жалын  өртеп  денені,

Алқынды  ашық  омырау.

Ләззатқа  қалды  кенеліп,

Тіл  ұшы – үнсіз  қоңырау.

 

Оралдық  Алатауыңнан,

Отаулы  болып  екеуміз.

Дуалы  алақаныңнан,

Неке  су  ішкен  екенбіз