***

 

Өрнектеп  өлең  жолымды,

Әрледім, 

тыным  көрмедім.

Босатпай  істен  қолымды,

Жасадым  қолдан  келгенін.

 

Аз  жаздым.

Көбік  сөзбенен,

Тарылтпай  ойдың  өрісін.

Ажал  да  тұрмай  көлденең,

Арманмен  тапты  келісім.

 

 

 

            ***

 

Тірлігімді  қалай  ақтап  алмақпын.

Тырыстым  ғой,

                   кіна  таға  көрмеңдер.

Мен  өмірде  қарапайым  солдатпын,

Солдаттардың  қабірінде  жерлеңдер.

 

Көппен  бірге  сара  жолды  таңдаппын,

Жеткенімді  біледі  көз  көргендер.

Мен  өмірде  қарапайым  солдатпын,

Солдаттардың  қабірінде  жерлеңдер.

 

Соныменен! 

Хош  бол  достым-Ардақтым!

Дәурен  өтер  басымыздан  сергелдең.

Мен  өмірде  қарапайым  солдатпын,

Солдаттарша  салют  атып  жерлеңдер.