Махаббаты  етіп  талақ,

Шаршадың  ба  сұлуым.

Жат  еріндер  кетті  талап,

Жанарыңның  жылуын.

 

Өтті  күндер  құса  қылмай,

Сезімдерді  сынаған.

Жел  үреді  құшағыңда,

Жоқтау  айтып  жылаған.

 

Керек  қылмас  бояуыңды,

Көрік  біткен  шешеден.

Әсем  басып  аяғыңды 

Аяңдайсың  көшемен.

 

Сұлу  сымбат  бәрі  тегін,

Көзің  нұрлы  сыр  тұнған.

Талай  жігіт  әлі  сенің, 

Жаутаңдайды  сыртыңнан.

 

Бірақ  жан  жоқ  түңілмейтін,

Қабағыңнан  қар  жауған.

Жылы  сөзге  жібімейсің,

Шаршадың  ба  алдаудан?

 

Талай  үміт  ұмтылды  да,

Жатырқады  жаным-ай.

Бір  кездегі  сылқымды  да,

Кеткендейсің  танымай.

 

Тоқетерін  ойламаған,

Толастады  өсек  те.

Сипатасың  айға  ғана,

Ақ  тәніңді  төсекте.

 

Өткеніңе  өкінбейсің,

Қуанышқа  жоқ  себеп.

Жалғыз  қалған жетімдейсің,

Тағдырыңа  өкпелеп.

 

Орын  таппай  бұрынғыдай,

Халық  атты  орманнан.

Әттең,  әттең  сұлулық-ай,

Жалғыздыққа  қор  болған.

 

 

 

                 ***

 

Сен  менің  нәзік  раушан  гүлім  емес  пе  ең?

Ашылсаң  таңда, 

                          арманда  кеттім демес  ем.

Кірпіктеріңнің  жапырақшасы  мөлиіп,

Жанарың  сөніп,  тұнжырай  қалдың  неге  сен.

 

Қойдым  ау  сенің  қылығңа  бір  түсінбей,

Кешегі  назың

                     бүгінде  көрген  түсімдей.

Жабырқап  жаным,

                         жанарым  төмен  жығылса,

Жапырағыңменен  желписің  жерге  түсірмей.

 

Кербездеу  керіп  қарлығаш  қастың  арасын,

Қадайсың  үнсіз  көзіңнің  нәркес  қарасын.

Ілінсем  сөзге,

                    қалжыңы  шыны  аралас,

Тіліңді  маған  батыра  шаншып  аласың.

 

Ең  нәзік  гүлдің  тікенек  толы  сабағы,

Сұғанақ  қолдар  қаперсіз  үзе  алмайды.

Раушан  сынды  нәзік  бір  гүлсің  қарағым,

Тілің  де  сенің  тікенектен  бір  аумайды.

 

             

           ***

 

Өзгерді  заман,  ұққаным,

Өткінші  бәрі.

                         О,  ғажап

Кешегі  ғажайыптарың,

Өшіп  те  бітті,  обал –ақ.

 

Мінсек  те  жерді  жүгендеп,

Қылмаймыз  түкке  қанағат.

Кешегі  ұшқыш  кілемдер,

Секілді  бүгін  шабан  ат.

 

Табылып  күнде  керегің,

Серпілмей  сезім  дал  болды.

Алты  қыр  асты  дегенің,

Алтыншы  квартал  болды.

 

Күлкісін  төгіп  күмістей,

Көңілді  салып  сарсаңға,

Күн  астындағы  Күнікей,

Шығады  көрші  балконға.

 

Ертегідегі  батырың,

Бүгінде  түкті  қырмайды.

Айдаһарларың

Атомның,

Тырнағына  да  тұрмайды.

 

Араны  тоймас  кеселдің,

Тия  алмай  қойдық  кесірін.

Жер  атты  жұмақ  пәтердің,

Тепкілеп  жүрміз  есігін.

 

Мұхит  та,

Жер  де, 

Аспан  да,

Бәрі  де  сенің  садағаң.

Бар  дейді  тосқан  асқанға,

Алдыңда  не  тұр?

О,  Адам!

 

Сен  емес  жалғыз  тарихта,

Көнтері  жердің  сұлтаны.

Динозаврдай  алып  та,

Жоғалтып  алған  ұрпағын.

 

Жүрмейік  біз  де  өкініп,

Сезімсіз  шөлде  қаталап.

Алмасын  отын  өшіріп,

Өмірге  деген  махаббат.