Шық  сұлулық,  меніменен  жекпе -- жек,

Жаныңа – жан,

                        ерінге  ерін, 

                                             бетпе – бет.

Қас  батырды  қылығыңа  жығатын,

Сұлу  болсаң  шық  жекеге  tet-a-tet.

 

Жекпе –жекте  мен  бе  қапы  қалатын,

Бірақ  мынау  кереметке  қарашы.

Қорғасындай  Төлегенді  түсірген,

Үнсіз  ғана  көтерілді  қарашық.

 

Жаңа  ғана  жанарында  бақ  түнеп,

Жатыр  еді,

                  қайда  кетті  жақсы  леп.

Сарбаздардай  шабуылға  шығатын,

Кірпіктері  тұра  қалды  сап  түзеп.

 

Құдіретіне  құлдық  ұрған  құрлықтар,

Келбетіне  құпия  бір  сыр  бұққан.

Шындығында  тек  сұлулық  екен  ғой,

Бұл  ғаламды  сақтайтұғын  сұмдықтан.

 

Үміт  сөніп,

                 соғып  соңғы  сағатым

Төзім  тозып  таусылғанда  тағатым

Жарты  әлемді  қабағына  қаратып,

Қас  қарлығаш  бір-ақ  қақты  қанатын.

 

 

 

          ***

 

Сен - өлеңсің  қиыннан  қиыстырып,

Жеткізетін  ойымның  бір  ұшқынын.

Дауыл  болып  дем  беріп  тамызыққа,

Тымық  түннің  өртейтін  тыныштығын.

 

Сен - иесі  көңілдің  ала  қашқан,

Сенсіз  мына  тамырға  тарамас  қан.

Қызылына  шығыстың  шомылдырып,

Қызығыңа  тұрады  қарап  аспан.

 

Сен – сезімсің  тұнығы  шымырлаған,

Көп  болды  ма  кездерім  шығындаған.

Сырға  толы  сыйқырлы  махаббаттың,

Тәтті  тіл  әлде  не  сыбырлаған.

 

Өзің  болып  шырқалды  қайран  әнім,

Атыңды  атып  қаншама сайрамадым.

Маған  біткен  беймаза  бұл  жүректің,

Өзің  ғана  білесің  айла – амалын.

 

 

 

        ***

 

Айыптама  ардақтым,

Қашан  сені  алдаппын.

Қайтсем-дағы  мен  сенің,

Өміріңде  қалмақпын.

 

Өзің  ғана  бір  ием,

Сен  торықсаң  бүлінем.

Кірпігіңе  жыласаң,

Тамшы  болып  ілінем.

 

Сенсің  менің  сыңарым,

Азабыңа  шыдадым.

Ах  ұрғанда  кеудеңнен,

Жалын  болып  шығамын.

 

Қорыққанда  тиылам,

Саған  ғана  сыйынам.

Қуанғанда  кеудеңе,

Шаттық  болып  құйылам.

 

Түн  үңілсе  көгіңнен,

Ұйқың  болып  көз  ілем.

Көңілденсең  көмейден,

Күлкің  болып  төгілем.

 

Бәріне  де  келісем,

Бақытымды  бөлісем.

Өміріңе  ортақпын,

Жатырқама  мені  сен.

 

Жұғу  үшін  ерінге,

Далап  болам  кемінде.

Сезім  болып  өртеніп,

Дірілдеймін  деміңде.

 

Асқақ  адал  сезіммен,

Мәңгі  тозбас  төзіммен,

Қай  торапта  жүрсең  де,

Бірге  болам  өзіңмен.

 

 

 

           ***

 

Қинады  ма  соншама  қарағаным,

Мені  әдепсіз  ол  үшін  санамағын,

Танып  тұрмын  тұлғаңнан  табиғатты,

Түк  көрмесем  несіне  қадаламын.

 

Жасымағын,  қарағым,  жасымағын,

Қайың  ба  деп  қасыңа  асығамын.

Қол  созамын  денеңнің  діңгегіне,

Алақанмен  сипаймын  жапырағын.

 

Дауысыңнан  нәзіктік  артылмаған,

Ән  ырғағын  естимін  айтылмаған.

Ақтарыла  салатын  мінезіңнен,

Адалдықты  көремін  аңқылдаған.

 

Беріктігін  көремін  төзіміңнің,

Еліктігін  көремін  сезіміңнің.

Нәзіктігін  сеземін  саусағыңның,

Жазықсызын  сеземін  ерініңнің.

 

Неге  мұнша  кетуге  асығасың,

Ұнап  тұрсың,

                    түгі  жоқ  жасыратын.

Кірпігіңнің  астында  күміс  сәуле,

Жүрегіме  нұрын  тұр  шашыратып.

 

Бақтан  мына  сені  жат  санамайын,

Жасыл  жаулық,

                        ақ  балтыр  бала  қайың.

Көктемімнен  аумайтын  келбетіңе,

Қалай  ғана  сүйсініп  қарамайын.

 

Қарағаным – өмірге  шөлдегенім,

Жұмылады  жанарым  көрде  менің.

Тізіп  берген  сымбатын  табиғаттың,

Күнә  болар  тіріде  көрмегенім.