Пырақ  едім  құс  қанат,

                                     қауырсын  жал,

Сауырыма  шаң  тисе  ауырсынған.

Тал  бойымды  қойды  ғой  құрыстырып,

Алтынменен  апталған  айыл  тұрман.

 

Күміс  ермен  күптенген  арқам  жауыр,

Сылау  тұрмақ  білмейді  желқомдауды.

Өтеме  деп  қорқамын  тұғыр  тірлік,

Ауласында  ақынның  арқандаулы.

 

Қашықтаған  сияқты  қиялдарда,

Қанатты  жан  аулаға  сия  алған  ба?

Дарын  болса,

                      шідерді  шешіп  тастап,

Кетер  ме  едік  құлаштап  қияндарға.

 

Ақыным-ай,

                      алдында  қауым  жұрттың,

Шабыттының  сен  неге  тауын  жықтың.

Шолақ  ұстап  тізгінді  шаужайлайсың,

Аз  болғандай  азабы  ауыздықтың.

 

Қинағанша  көкпарда  пырағыңды,

Салсаң  еді  мұңыма  құлағыңды.

Азайып  қанатымды  сипаушылар,

Көбейді  тағалаушы  тұяғымды.

 

Жүйрік  болмас  жаратып  күтілмейтін.

Неге  менің  халімді  түсінбейсің.

Тұлпар  бабын  білетін  бабаң  қазақ,

Бәйге  аттарын  додаға  түсірмейтін.

 

Көктегіден  қол  жетпес  түңілгендей,

Көлдегіге  не  бопты  шүйілгендей.

Шіркін,  қанат  жазылса,  кетпес  пе  едік,

Қиял  жетпес  қашықты  бұйым  көрмей.