Қамбаға  қорын  салып  ап,

Жайғасып  жатсын  жұрт  мейлі.

Құмырсқа – қара  шаруа,

Күйбеңің  сенің  бітпейді.

 

Қыпша  бел  нәзік  майысып,

Бақайшақтарың  қайысып,

Жүресің  жортып  өмірдің,

Арқаласаң  да  қай  ісін.

 

Өтпеймін  саған  қиылып,

Үздігіп  ұзақ  қадалмай.

Тоқтаса  сенің  қимылың,

Жер  шары  тоқтап  қалардай.

 

Тілемей  жанның  тынышын,

Кезесің  қырды  үй  көрмей.

Әлемнің  жарты  жұмысын,

Тындырып  өзің  жүргендей.

 

Өмірдің  жоғын  күнде  іздеп,

Торыққан  бар  ма,  кездерің?

Жұлдыздар  шоғын  күндіз  де,

Көреді  екен  көздерің.

 

Жарасар  теңеу  ең  биік,

Арқалап  тартқан  жүгіңе.

Өзім  де  жүрмін  телміріп,

Тозаңды  ғарыш  түбіне.

 

Әлемнің  шексіз  қорының,

Біріне  сені  теңеймін.

--Осыған  жұлдыз  шоғының,

Керегі  қанша? – демеймін.

 

Сыр  түйіп  сенен  көңілге,

Жұмыла  түсем  жұмысқа.

Осынау  үлкен  өмірде,

Өзім  де  сендей  Құмырсқа.