Теңіз  тыныш  ұйқыда  маужыраған,

Құшағына  құмартып  тау  құлаған.

Сырбаз  самал  сыйқырлы  сыр  шертеді,

Бұлақ  үнін  қосады  сай  жырадан.

 

Түнгі  сырын  шежіре  көне  жердің,

Көре  бергім  келеді,

                                 көре  бергім.

Серенада  айтудан  жалықпайды,

Ғашық  бұлбұл  астында  тереземнің.

 

Үлбіреген  мақпал  түн  жайса  қанат,

Ақын  тастап  жағаны  қайта  ала  ма?

Су  түбінде  жұлдыздар  жымыңдасып,

Тербеледі  толқында  Ай – шағала.

 

Бас  бұрғызбай  өмірдің  ұсағына,

Қойды  теңіз  жіпсіз-ақ  тұсады  да.

Түні  бойы  толқынмен  сыбырласып,

Әрең  қайттым  ұйқының  құшағына.

 

Әлем  бүгін  әдемі  кешегіден,

Таң  да  міне,  тым  ерте  көтерілген.

Құшағында  жатқандай  қылықтының,

Маужыраймын  тұра  алмай  төсегімнен.