Айтарыңды  бетіме  айт,  шімірікпе,

Күйініп  те  көргенбіз,

                                      түңіліп  те.

Өкпелетіп  алам  деп  бүгіп  қалған,

Қанша  сөзім  қамалды  шіріп  іште.

 

Айтарыңды  бетіме  айт,  күмілжіме,

Аға  болып  жетіскен  түрім  міне.

Білгенім  жөн  менің  де,

                                   қамсыздықтан,

Ішімдегі  құбыжық  тірілді  ме?

 

Өтті  талай  басымнан  іс  те  менің,

Түзете  алмай  қыңырды  күштенемін.

Талай  жерде  «тәртіпті»  боламын  деп,

Қышып  тұрған  тілімді  тістеледім.

 

Отызда  орда,

                      қырықта  қамалды  да,

Бүзбаған  соң,  жақсылар  таланды  ма?

Сірә  менің  момақан  мінезімнен,

Жүнжіп  кеткен  секілді  заман  мына.

 

Қағып  алып  сотқардың  сайтандарын,

Неге  бетін  жауыздың  қайтармадым.

Арашалап  алмадым  «отыздарда»

Опат  болған  елімнің  жайсаңдарын.

 

Шындықты  айтып  шырылдат  шыбынымды,

Сылып  таста  былығым,  шылығымды.

Би  алауыз,

                  Хан  қамсыз  болмағанда,

Болмас  еді  ақтабан  шұбырынды.

 

Таразыға  мынау  бас  тартылды  ма?

Бір  болжайын  алдымды,  артымды  да.

Ақиқаттың  ап – ащы  уыменен,

Емдеу  керек   мені  де,  халқымды  да.

 

Ертең  сенің  түседі  сынға  басың,

Замананың  торына  шырмаласың.

Қара  қылды  қақ  жарып  өту  үшін,

Аға  алдында  әзірге  шыңдаласың.

 

Ақиқаттың  білесің  ащылығын,

Сыналады  сенің  де  жат  қылығың.

Бір  мініңді  бір  інің  қиып  түссе,

Қалғанына  жетеді  жақсылығың.