Отырғанда  жыр  қаңсып  сөз  көнеріп,

Хабаршы  құс  қонады  көлге  келіп.

Бір  газеттің  бетінен  барлық  әлем,

Көз  алдыма  келеді  дөңгелніп.

 

Қиындықтың  қаймықпас  өткелінен,

Ер  есімін  көремін  беттерінен.

Елші  келіп  тұрғандай  сезінемін,

Дәуірімнің  алдыңғы  шептерінен.

 

Бомба  түсіп  бір  елдің  қаласына,

Жас  іркілсе  көздердің  шарасына.

Газет  бейне  жаралы  көгершіндей,

Жетеді  ұшып  қан  қатып  қанатына.

 

Шаттық  шалқып,  шашырап  төгілгенде,

Іздеп  тауып  теңізден,

                                     көгімнен  де,

Газет  беті  құшақтап  қуанышын,

Сүйіншілеп  енеді  көңілдерге.

 

Жаңалығын  әлемнің  жиып,  теріп,

Енгізеді  бөлмеме  үйіп  төгіп.

Көңілімді  кетеді  бір  толқытып,

«Шалқыманың»  шаттығын  құйып  беріп.

 

Тәулікті  де  суытпай, 

                                     аптаны  да,

Жолығамыз  сыр  ашып  ақтарыла.

Алаяқтар  жатады  аласұрып,

Ілініп  «Қарағанды  қақпанына»

 

Тіршіліктің  ысырып  түнектерін,

Ақиқатты  ұнайды  жыр  еткені.

Өз  газетім  «Орталық  қазақстан»,

Сөзімді  айтып  тұрады  жүректегі.