(Коксохим  өндірісінің  Ленин  және 

                      Еңбек  Қызыл  Ту  ордендерінің  иегері,

                      Ардагар  металург  Мадияр  Дүйсебеков

                      туралы  өлең-очерк)

 

Таң  қылаң,

                 құстар  жатыр  бастап  әнін,

Жанады  ерте  оянсаң  бақ – талабың.

Теңіздің  толқыны  боп  барады  өріп,

Бір  отар  жанарында  жас  баланың.

 

Момақан  қой  мінезді  дала  жатыр,

Самал  жел  сыбырлайды  балаға  сыр.

Бүгін  бұл  бірінші  рет  қой  соңында,

Ашып  жүр  өзінше  бір  жаңа  ғасыр.

 

Жас  шопан,

                   ел  ырысы  аңсағаны,

Өріс те  әрбір  таңды  қарсы  алады.

Қозыны  жаңа  туған  тік  көтеріп,

Асырып  алты  қырдан  ән  салады.

 

Жасынан  қозы  қуып,

                                     қой  қамайтын,

Болашақ  көрінетін  айдан  айқын.

Бір  күні  бабамыздың  кәсібінен,

Алыстап  кетемін  деп  ойламайтын.

 

Үзіліп  күнпарақтың  жапырағы,

Күн  сайын  бір  жаңалық  ашылады.

Мінекей  күрделі  бір  құрылысқа,

Жастарды  газет  беті  шақырады.

 

«Барсам» - деп  толқып  бала  басылады,

Сенімді  күдік  келіп  басынады.

«Бар»  деген,

               «Барма»  деген  ағайынның,

Ақылдары  миыңды  қатырады.

 

--Жігіттің  қайда  жүрсе  қолда  бағы,

Қорықпа,

              үйрен,  оқы,

                                  бол  бағалы.

Жатқан  жоқ  құдай  құйып  құрышты- деп,

Ағабек  ұсынып  тұр  жолдаманы.

 

Әрқашан  үлкен  іске  бала  ғашық,

Ақыры  жас  толқынмен  араласып,

Ұзақ  жол  алақанның  сызығындай,

Әкелді  Теміртауға  ала  қашып.

 

Күз  еді,

           тұрған  тынбай  жауын  ұрып,

Тым  жиі  мазалайды  дауыл  ұлып.

Табиғат  тепкісінен  шөге-шөге,

Бүл  жерде  төбе  қалған  тауы  құрып.

 

Қайтседе  жастар  емес  қарап  қалар,

Қайсарлық  қиындықта  сарапталар.

Үйіндей  әкесінің  болып  кетті,

Су  өткен  қанатынан  палаткалар.

 

Мадияр  енді  неден  жасқанады,

Жас  жігер  ойлатпайды  бас  пананы.

Қолына  күрек  тиді, 

Алыптар  да,

Қайла  мен  күректерден  басталады.

 

Бермесе  қара  жұмыс  толас,  тыным,

Біртіндеп  басылады  қораштығың.

Ұшқын  ой  тұтанады  жанарларда -,

Жалынды  болашағы  болатшының.

 

Жастардың,

                   тәңірге  де  табынбайтын,

Аласың  төмендете  бағын  қайсың.

Иығы  Магнитканың  көтерілді,

Іс   бар  ма  еңбекшіге  бағынбайтын.

 

Ұйқысыз  таңға  ұласып  жастар  таңы,

Мамандық  бөліседі  достар  тағы.

Бәрінің  мақсаттары  болат  құю,

Бәрі  өзге  мамандықтан  бас  тартады.

 

Тек  бірақ,  жігіт  болсаң  білген  есін,

Ұғымды  «керек»  деген  үйренесің.

Құрышты  құю  үшін  кокс  керек,

Жас  керек  коксохимді  игеретін.

 

Болмайды  мамандықты  жек  көруге,

Тұрарлық  бұл  да  жағдай  ескеруге.

Әйтеуір  Мәкең  үшін  өмірбаян,

Басталды  коксохимнің  пештерінде.

 

Жауапты  іс  ұсынылды  баласынбай,

(Ерлікке  осындайда  нанасың  да).

Көмірден  газды  бөлу  бір  ғаламат,

Цех  іші  бейне  майдан  даласындай.

 

Өндіріс  дәл  осылай  ұғындырды,

Жұмысқа  жауынгердей  жұмылдырды.

Ерлердің  «Елім»  деген  ісін  істеп,

Отпен  кіріп  күлімен  шығып  жүрді.

 

Телміріп   газ  өткізгіш  құбырына,

Тер  төкті  тәжірибе  тұжырымдап.

Ақыры  бензол,

                          фенол,

                                    пиридиндер,

Қойшының  үйірілді  құрығына.

 

Еңбекте  сүрінбеуге  санаң  сақшы,

Әдеті  бала  күнгі  тағы  аңсатты.

Кокске  көсеу  болған  күс  алақан,

Үйге  кеп  уыстады  қаламсапты.

 

Шыңдаған  ыстығымен  от  алаңы,

Атақты  бейнеледі  дос,  ағаны.

Газ  жұтып  жұмысында,  үйде  ойланып,

Жүрегі  жақсылықтан  босамады.

 

Бетке  ұстап  өндірістің  озаттарын,

Азамат  атына  кір  жолатпады.

Еңбектің  құдіретін  қошаметтеп,

Қос  орден  кеудесіне  қонақтады.

 

Қызу  іс,  қауырт  қимыл  арасында,

Бір  сыннан  түсіп  тағы  жаңа  сынға,

Дүбірлі  жиырма  бес  жыл  өткенін,

Байқамай  қапелімде  қаласың  да.

 

Тым  жиі  ауылын  да  алады  еске,

Жанарға  елестейді  дала  кеште.

Көкірек  ордер  таққан  өр  болса  да,

Жүрегі  баяғыдай  бала  емес  пе?

 

Ал  бүгін  туған  өлке  атырабы,

Саумалын  самал  желдің  сапырады.

«Қош  келдің,  Дүйсебеков  Мадияр!»-деп,

Қайыңның  қол  соғады  жапырағы.

 

Құмары  қанбайтындай  жас  пен  кәрі,

Орденді  қолына  алып  көмей  бәрі.

Сексені  жамбастаған  Жәмпейіс  қарт,

Сөйлесе  сөзін  ешкім  бөлмейді  әлі.

 

--Кеудеңе  қадалыпты  екі  тілек,

(Біз  қашан  орден  тағып  жетісіп  ек).

Қарағым  енді  ауылға  қайтпаймысың,

Қалды  ғой  Жетімтауың  жетімсіреп.

 

--Ағайын  қарсы  тілек  айта  алмаймын,

Қашанда  ел  көңілін  қайтармаймын.

Бірақ  та  тамырыма  сіңіп  кеткен,

Жалыны  Магнитканың,

                                    қайта  алмаймын.

 

Тізгінін  өз  қолына  алған  жанға,

Жалынан  ұстатпайтын  арман  бар ма?

Қолынан  бабамыздың  кемепті –деп,

Өкінем  ілесе  алмай  қалғандарға.

 

Күн  нұрын  шұғыласын  төгіп  көктен,

Тұрады  көкірегіме  толып  көктем.

Бір  Отаным – ауылым,  Қарабастау,

Бір  Отаным – Магнитка  болып  кеткен.

 

Қарсы  алып  жаздың  жайсаң  ала  таңын,

Кең  жайып  жатыр  дала  алақанын.

Жүгіртіп  ойлы  көзін  өріс  жаққа,

Мәкең  тұр  есіне  алып  бала  шағын.

 

Таң  қылаң. 

Құстар  жатыр  бастап  әнін,

Кім  білген  кімнің  қайдан  бақ  табарын.

Астында  қос  орденнің  лүпілдейді,

Жүрегі  сонау  жылғы  жас  баланың.