Ғасырлар  өтсін,

Есімде  шайқас  алғашқы.

Түн  қатып  жеттік,

Майданның  алғы  шебіне,

Бел  буып  бекем,

Ақтық  межеге  жармастық,

Осыдан  бізге 

Бір  тұтам  жер  жоқ  шегінер.

 

Таң  да  атты  міне,

Үрейге  бөлеп  жер  көкті.

Аллаға  тәубе,

Көреміз  басқа  салғанын.

Көргенім  осы

Жасанып  шыққан  жендетті,

Ол  мені  атты,

Мен  оны  ата  алмадым.

 

Зеңбірек  алғаш,

Алдыңғы  шепті  түтіп  жеп,

Басталды  шайқас,

Қорқыныш  өлді  жүректе.

Ғазиз  жанымды

Тірідей  көрге  түсірмек,

Кәдімгі  АДАМ,

Автомат  ілген  білекке.

 

Өтсе  де  жылдар,

Санамда  мәңгі  сақталған,

Кеше  көргендей

Кетеді  құйқам  шымырлап.

Ойын  емес  бұл,

Чапай  боп  шапқан  «ақтарға»

Дұшпаным  мені

 өлтірмек  болған  шынында.

 

Шықты  жауыздар,

Ажалсыз  жандай  есіріп,

Сәттер  де  болды,

Қарауылға  кеп  іліккен.

Ататын  сәтте

Қалғандай  саусақ  кесіліп,

Қарауыл  қашып

Басылмай  қойды  шүріппе.

 

Жақындап  қалды,

Зұлымдық, 

көзі қанталап.

Шешуші  сәтте

Жеңе  алмай  ішкі  сезімді,

АДАМды  көріп,

Жанарды  жасым  қалқалап,

Өлтіре  алмадым

Өзіме  төнген  өлімді.

 

Өлтірді  оны

Окоптас  көршім  дәл  атып,

Демеді  сөзбен

–«Өзіңді  қатты  сынама.

Адам  емес  ол!

Неміс  қой, 

Әне,  қарашы,

Өлтіру  оны

Жатпайды  мүлдем  күнәға!»

 

Шабуылдан  соң,

Тұтатып  шылым  шекті  де,

-«Қате  айттым –деді-

Ашынып,

 сөздің  ауырын.

Неміс  емес  ол,

Немісті  Тельман  деп  білем,

Ал,  анау  фашист,

Ұлыс  бар  сондай,

бауырым!»