Жылқы  жылдың  жау  болды  қысы  маған,

Шымшылайды  сары  аяз  шытынаған.

Аяулым  да  жалт  берді  жат  жолына,

Тағдыр,  тағы  не  сын  бар,  күтіп  алам.

 

Шұнақ  аяз  қар  бүркіп  жұлынады,

Ақпан  жердің  апшысын  қуырады.

Салқын  сезім  жауратқан  мынау  жүрек,

Енді  неден,  япырым-ау,  жылынады.

 

Қарт  аяз  қаһарына  алған  мініп,

Бет  қаратпай  баршаға  салған  бүлік.

Жанарынын  жасқанып  бала  қайың,

Қар  шәлісін  жамылып,  қалған  бұғып.

 

Қалған  бұйым  қыс  үшін  қайың  мына,

Түсінемін, 

                түсінем  жайыңды  да.

Мынау  нәзік  бұтақты  қиып  алып,

Жылытамын  енгізіп  қойыныма.

 

Алып  келдім  аялап  пәтеріме,

Қамқоршы  болуымның  әсері  ме?..

Шымырлатып  жүректі  жылы  сезім,

Құрақ  ұша  қалыппын  қапелімде.

 

Тірі  болса  тұрсын  деп  сусын  қылып,

Ыдысына  кефирдің  су  тұндырып,

Жақындаттым  терезе  жақтауына,

Аз  да  болса  күн  нұры  тұрсын  күліп.

 

Өтті  осылай,  бәйек  боп  азғана  күн,

Шыным  ба  бұл, 

                           қайтадан  маздағаным.

Әлдеқайдан  тыңайтқыш  тауып  әкеп,

Нәрестені  баққандай  мәз  боламын.

 

Міне  тағы,  жұмыстан  бұрын  келіп,

Бақыт  құштым  шыбықтың  бүрін  көріп.

Қайта  жанған  үмітім  шығар  мынау,

Сүйінші  сұрашаңшы  бірің  келіп.

 

Бұндай  бақыт  таппаған  Асан  қайғы,

Тыста  боран  өксігін  баса  алмайды.

Бала  бұтақ,  бал  бұтақ  бүршігіне,

Қадалады  жанарым  жасаурайды.

 

Аз  күн  өтті  екеуміз  кетіскелі,

Жүрегің  мұзға  айналып  кетіппе  еді?

Өлі  шыбық  бүр  жарды  жылуымнан,

Саған  қалай  жылуым  жетіспеді.