Ұр  нөсер  мені  аяма  бұл  өмірде,

Бүйтпесең  қадіріңді  білемін  бе?

Түйдектеп  күздің  сұрғылт  топырағын,

Түкіріп  жібер  менің  жүрегіме.

 

Қас  жанға  қабақ  ашпас  діні  басқа,

Теңейді  сені  неге  кәрі  жаста.

Көрініп  тұрса  дағы  адал  жаның,

Қайғыға  көңлің  толы  көзің  жасқа.

 

Әлде  сен  бақытыңды  сынадың  да,

Тағдырдан  қол  жетпесті  сұрадың  ба?

Ар  көріп  бас  июді  ақиқатқа,

Жеңе  алмай  өзіңді  өзің  жыладың  ба?

 

Кеткендей  алыстап  бір  жақын  үміт,

Тұрады  кірпігіңе  жас  ілініп.

Таппасаң  көктен бақыт  түнермей  тек,

Кір  менің  құшағыма  жасырынып.

 

Жанымның  жайбарақат тынышын  ап,

Барасың  жанарыма  жылы  ұшырап.

Ұшқыны  әлемге  ортақ  жүрегімнен,

Саған  да  табылады  жылы  шуақ.

 

 

 

           ****

 

Барын  талақ  еткен  бе  жанын  талақ,

Қарағаштар  қапыда  санын  сабап,

Жаздай  жиған  жасауын  жас  орманның,

Ұры  боран  әкетті  барымталап.

 

Суық  тамшы  көгімнен  сығымдалып,

Көксау  желдің  өкпесі  сырылдады.

Қыз-қайыңның  тартылып  сөл  тамыры,

Тоқтап  қалды  бір  қысқа  шырындары.

 

Абыржыма,

                  жақында  қыс  келеді,

Айнала  аппақ  мәрмәр  түске  енеді,

Қымтанып  қардың  қалың  көрепсіне,

Ұйықтайды  балаң  орман,  түс  көреді.

 

Түске  енеді,

                   жайқалған  сайда  небір,

Көктем  келіп  қанатын  жайған  өңір.

Шыңылдатып,  жүйкені  шымырлатып,

Ұйқыда  да  тынбайды  қайран  өмір.