Қыс –ата  түні  бойы  қарды  сеуіп,

Тастапты,

                қайтайықшы  шаңғы  теуіп.

Қамалған  төрт  бұрышқа  көңіл  шіркін,

Тым  аңсап  кеңістікті  қалды  тегі.

 

Таң  таза,  түнгі  боран  тыныштылған,

Ақ  қайың  омбылайды  шығып  қардан.

Жасырынбақ  ойнаған  балалардай,

Бұталар  қар  астында  бұғып  қалған.

 

Кәдімгі  ақпанды  қыс  бұл  мақтаулы,

Аңызық  орап  алған  ұрлап  тауды.

Сәбидей  ұйқыдағы  күбірлейді,

Қара  жер  ақ  бесікте  құндақтаулы.

 

Қуаншы,

                қуансаңшы  қарағым-ау,

Шарпиды  күн  сәулесін  таза  қырау.

Күмістей  сыңғырлаған  пәк  күлкіңді

Сағынып  қалыпты  ғой  дала  мынау.

 

Аяз  тұр  ақ  жүзіңді  нұрландырып,

Ал  жылжы,  қимылыңа  қызғандырып.

Төсінде  мынау  мәрмәр  тазалықтың,

Ішегіндей  домбыраның  із  қалдырып.