Сен  десем  тамырыма  тарайды  мұң,

Өтіпті-ау  таси  алмай  талай  жылым!

Аңсадым  алтын  Балхаш  құшағыңды  аш,

Айқара  ақтарылсын  ақ  айдының.

 

Тербетіп  толқын  сезім  көңіл  сазын,

Жанарды  жаулап  алды  жеңіл  сағым.

Жатырқап  әлде  мені  жатырмысың,

Кең  өлке,

                кербез  толқын,

                                          керімсалым.

 

Иә,  рас,  арман  қуып  алыстадым,

Талай  жыл  самалыңмен  жарыспадым.

Сыбдырлы  шымылдықтай  қамыстарың,

Қаз,  үйрек  өгейсіді-ау  таныстарым.

 

Көп  жылдар  көрмедім  деп  жасымаймын,

Жанарда  жұмыртқалап  жатыр  айдын.

Кеудемде  сағыныш  боп  сыбырлайды,

Сары  құмы  Сары-Есік-Атыраудың.

 

Аптабын  сары  даланың  қалап  алған,

Теңізсің  мұхиттардан  дара  қонған.

Өзіңді  қызғыштардан  қызғанамын,

Қызғанамын  өзіңді  шағалаңнан.

 

Сыймайды  көл  дегенге  алыптығың,

Айдынды  арманысың  балықшының.

Жабайы  жарға  соққан  толқындарың,

Жуасып  қалғандай  ғой,  жарықтығым.

 

Көңілсіз  толқындардың  шабысы  да,

Селдірлеу  жағалаудың  қамысы  да.

Ана – көл  сенің  ернің  кезергені,

Тимей  ме  жеті  өзеннің  намысына.

 

Өзен  де  жоқ қой  бүгін  сусамаған,

Бәрін  де  адам  қолы  тұмшалаған.

Алудан  басқа  түкті  ойламайсың,

Неге  сен,  табиғаттан  тусаң  адам?

 

Алуға  тоқтатпасаң  құлшынуды,

Тоқтатпас  мына  заман  қырсығуды.

Бір  ұл  жоқ  тығындайтын  тесігіңді,

Бір  қыз  жоқ  жамайтұғын  жыртығыңды.

 

Қол  ұшын  бере  алмайды  сұңғыла  шың,

Тағдырдың  тауқыметі  туды  ма  шын?

Едім-ау  мен  де   бірі  ұрпағыңның,

Қолыңа  шалдыққанда  су  құйатын.

 

Өкінем,

            өтелмеді  ұлдық  парыз,

Күйзелттім  ойлаймын  деп  тұрмыс  қамын.

Сен  шашқан  алақандап  жомарттықтың,

Қайтарып  бере  алмадым  бір  мысқалын.

 

 

 

 

                 ***

 

Желкенін  желдің  сағынып,

Сағынып  жылға  аққанын,

Жаулығын  жасыл  жамылып,

Жағаға  шықты  ақ  қайың.

 

Тербетіп  таңның  самалы,

Таранды  талдың  бүршігі.

Торғынға  тосып  шанағын,

Ашылды  гүлдің  кірпігі.

 

Нұр  шашып  шығыс  шырайлы,

Сыланды  сылқым  атырап.

Сырласпай  қалай  шыдайды,

Сыбдырға  толы  жапырақ.

 

Көшпелі  бұлттар  көгіме,

Кетеді  күнде  бір  түнеп.

Көнерген  қыстай  көңіл  де,

Жаңғырып  қалды  бір  түлеп.

 

Көктемнің  ала  таңында,

Қадірін  өмір  ұқтырды.

Жапырақтың  алақанында,

Дірілдеп  мөлдір  шық  тұрды.