Түн – шежіре  болашаққа  сыр  ашқан,

Ақпа  жұлдыз  айнымайды  сынаптан.

Бауырластар  бейітіне  үңіліп,

Бір  минуттық  тыныштықта  тұр  аспан.

 

Есіңде  ме, 

                 тыныш  аспан  түршігіп,

Төрт  жыл  бойы  жатты  дала  тұншығып.

Төрт  жыл  бойы  кірпік  ілмей  Отаным,

Оқ  ұшында  тітіркенді  тіршілік.

 

Төрт жыл  бойы  тыныштықты  аңсаған,

Арманына  жетпей  кетті  қанша  адам.

Жатыр  мәңгі  жалғыз  жұлдыз  жамылып,

Жауынгерлер,

                        шайқастардан  шаршаған.

 

Бауырластар,

                   жазып  бітпес  жырсыңдар.

Батырлыққа  басын  иіп  тұр  шыңдар.

Бір  бейіттің  сыйып   кеткен  астына,

Бар  әлемді  қорғап  қалған  қыршындар.

 

Жесірлендің  көз  жасындай  тым  ыстық,

Жәудірейді  көк  майсада  тұнып  шық.

Бейбіт  аспан  жер  бесігін  тербетіп,

Мәңгі  бақи  бұзылмасын  тыныштық.