(Тіл  туралы  заң  талқыланғанда  сөйлеген  сөз)

 

Халықпыз  көтеретін  қайғыны  да,

Мен  бүгін  сөз  етпекпін  жайды  мына.

Аруағы  Қаз  дауысты  Қазыбектің,

Айналып  қона  алмай  жүр  айдынына,

Қана  алмай  Ана  тілдің  байлығына.

 

Жаладан  ақиқатты  аршып  алған,

Тіл  еді  ханыңа  да  қарсы  барған.

Қақ  жарып  қара  қылды  сөйлегенде,

Қайран  тіл,  қара  тастан  қан  шығарған.

Бұл  күнде  көтеремдей  қамшыланған.

 

Біз  үшін  тағдыр  торын  құрғаны  анық,

Көрмедік  көптен  бері  жырға  қанып.

Дастандар,  шежірелер  көзге  ілінбей,

Көзтүрткі  тарихым  жүр  бұрмаланып,

Бұл  бізге  тікенектей  тұр  қадалып.

 

Билерім  өткір  сөзбен  қағысқанда,

Шешендер  мыңнан  озған  жарысқанда.

Ұрпағың  мәңгүрт  болып  бара  жатса,

Қалайша  тұра  аласың  намыстанбай,

Алысқан  жөн  емес  пе  қалыс  қалмай?

 

Тәңірдің  осы  болар  қарғағаны,

Жастарым  жат  ғұрыппен  алданады.

Бүгінгі  атқамінер  азаматтар,

Қазақша  сөз  сөйлеуге  арланады,

Қалайша  ізгі  дәстүр  жалғанады.

 

Тағдырдың  көрдік  талай  қиянатын,

Дегенмен  тілді  қалай  қия  аласың.

Даламда  дабыл  қаққан  бабаларым,

Санамда  сая  таппай  жүр  адасып,

Тарихқа  ене  алмай  жүр  қия  басып.

 

Не  пайда  өкінгеннен,  жылағаннан,

Табайық  дертке  дауа  сұрап  алған.

Халқымның  даналығын  дәріптейік,

Біздерге  бабамыздан  мұра  қалған,

Бізге  де  өгей  емес  мына  жалған.

 

Ел  іші  емеспе  еді  тұнған  аңыз,

Қалайша  еншімізден  құр  қаламыз.

Ту  қылып  ана  тілді  желбіретіп,

Елдігін  сақтап  қалар  біз  ғанамыз,

Ерлерін  ақтап  алар  біз  ғанамыз!!!