Жан  секілді  ем  тамырда  таза  қаны,

Вирус  еніп  бауырды  мазалады.

Тағдырдың  тәлкегі  бір  таусылған  ба,

Ебін  тауып  әйтеуір  жазалады.

 

Дені  түзу  сырт  көзге  сияқтымын,

Бір  пәлекет  бермейді  бірақ  тыным.

Шайқап  ішер  достармен  шарап  түгіл,

Артық  асап  қойсам  да  ұияттымын.

 

Тауқыматке  көнбейтін  алаңсыз  жан,

Тәртіпке  де  бағындым  амалсыздан.

Рұхсат  бар  кітапқа,

                                  бір  ғанибет,

Қалдырмады  әйтеуір  қаламсыз  да.

 

Зеріккеннен  қағазды  шимайлаймын,

Ой  шатасып,

                       басымда  ми  қайнайды.

Жұмыс  қуып  жұқарған  жүйке  тамыр,

Қиялдаудан,  әйтеуір,  қиналмайды.

 

Ішетінім,  ас  болсын,  дәрі,  дәрмек,

Хал  жайымды  біледі  дәрігер  кеп.

Күнді  санап  жатамын,  түнді  санап,

Көрінгеннің  қыламын  бәрін  ермек.

 

Емхананың  тигізген  әсері  ме,

Қызығым  да  өзгерді  қапелімде.

Көрші  палаталарда  қыз-келіншек,

Бірі  менің  кірмейді  қаперіме,

 

Жатып  алдым  бір  бөлме  өз  үйімдей,

Темір  төсек  тапжылмас  төзімімдей.

Тереземнің  алдында  жалғыз  фонарь,

Күзетеді  түн  бойы  көзін  ілмей.