Самолеттің  салонынан,

Таппай  тыным  тағатым.

Саған  арнап  саламын  ән-

--Ұшарға  жоқ  қанатым!

 

Жылдамдыққа  жарымадым,

Ұшқырлығың  осы  ма?

Тәңірімдей  табынамын,

ТУ-дың  турбинасына,

 

-Достым  ұшақ,

                         түсін  мені,

Тездетуге  тиіссің.

Беделіңді  түсірмегін,

Күтіп  қалды  сүйіктім.

 

Сені  күтіп,  жаны  қалмай,

Көкке  кірпік  түреді.

...Лүпілдейді  жарылардай,

Самолеттің  жүрегі.

 

Түсінемін,

                 шын  ұға  алам,

Шыға  алмайсың  ойымнан.

800--  ақ  КМ  ғана,

Келетіні  қолыңнан.

 

Күміс  қанат  қарағым-ай,

Баянды  бол  көгіңде.

Жылдамдықтың  заманы  да,

Жете  алмайды  көңілге.

 

 

 

 

            ***

 

Сәттер,  сәттер  сәл  ғана  сабыр  етші,

Көз  жаздырып  үмітім  тағы  кетті.

Қас  қағымда  дүние  шыр  айналып,

Аспанымнан  бір  жұлдыз  ағып  өтті.

 

Сұқсырдайын  сусылдап  қанаттары,

Алдын  маған  уақыт  оратпады.

Көз  алдымда  қызғалдақ  күлге  айналып,

Күзгі  қырау  шашыма  қонақтады.

 

Арқандаулы  тұлпардай  күнде,  түнде,

Шыр  айналып  қазықты  жүргенімде,

Алға  жылжып  барады  тұғыр-тірлік,

Алыстап  та  сөреден  үлгеруде.

 

Кешіктім  деп  үзбеймін  күдерімді,

Үзе  алмаймын  бірақ  та  шідерімді.

Жібек  шідер – кәдімгі  жалқаулығым,

Қор  қылып  жүр,  табиғат,  түлегіңді.

 

Өкпем  өшіп  өмірдің  өткелінде,

Отырғызбай  бір  шыбық  кеткенім  бе?

Ағаштар  да  тұрғандай  теріс  қарап,

Жапырағын  жамылып  беттеріне.

 

Қағылдым  ба  көбінен  несібемнің.

Қағындым  ба, 

Қызыққа  несіне  ердім?

Берерімді  беріп  те  үлгірмесем,

Қалай  ғана  өзімді  кешірермін.

 

Қайтып  берме,  сәттерім,  кешегіңді.

Білмедім  деп  айта  алман  өтеріңді.

Қалай  саған  мін  тағам,

                                            біле  тұра,

Өзім  ғана  айыпты  екенімді.