Оң  жақта  бетон,

Сол  жақта  бетон,

Пәтерлер  берік  қамалдай.

Қалаға  келіп,

Жүресің  желіп,

Танысыңды  іздеп  таба  алмай.

 

Алдыңда  көше,

Артыңда  көше,

Тұрасың  түкке  түсінбей.

Шежіре  қала,

Жалғыз  сен  ғана,

Орынсыз  түскен  үтірдей.

 

Күн  бойы  жүріп,

Таксиге  мініп,

Досыңды  тауып  тынасың.

Ваннаға  түсіп,

Кешкі  шай  ішіп,

Балконға  жайлап  шығасың.

 

Оң  жақта  балкон,

Сол  жақта  балкон,

Құстардың  бейне  ұясы.

Болса  да  қиын,

Бәрінен  бұрын,

Балконын  қалай  қиясың.

 

Үстіңде  көрші,

Астыңда  көрші,

Жүрмейсің  алыс  қыр  асып.

Қалада  халық,

Аралар  дерсің,

Бір  омартаға  сиятын.