Келеді  рауандап  жарасып  таң,

Әлі  де  арылмаған  дала  шықтан.

Шілікке  шыт  көйлегін  лақтырды,

Жас  ару  жағажайға  жаңа  шыққан.

 

Суға  емес  махаббатқа  малатындай,

Тарқатты  қос  бұрымның  арасын  жай.

Бір  толқып  ақ  иыққа  түсті  құлап,

Қара  шаш  қара  бүркіт  қанатындай.

 

Тигенде  сұлу  тәнге  сүйсіне  ме,

Тұңғиық  шымырлады  білші  неге?

Жігіттің  құшағынан  қымсынса  да,

Толқыннан  қымсынбайды  биші  дене.

 

Сезімге  тұншыққандай  дауыс  бермес,

Пәк  дене  қуанады  тауып  теңдес.

Ішінде  мынау  мөлдір  тазалықтың,

Ақ  шабақ  ау  болар  деп  қауіптенбес.

 

Мінекей  шықты  судан  хаса  сымбат,

Сұқтанбай  сұлулықтан  қашасың  ба?

Сығымдап  бұрымынан  су  тамшысын,

Тұр  ару  қызылталдың  тасасында.

 

Кеппеген  ерінінің  бал  шарабы,

Сүйуге  жаралдым – деп  жар  салады.

Аққудай  сұңғақ  мойын  иілгенде,

Көл  беті  келбетіне  тамсанады.

 

Жолында  махаббаттың  зар  еңіреп,

Құшатын  құшырлана  әне  білек.

Жаралған  мүсіншінің  саусағынан,

Томпайған  төсіндегі  барельеф.

 

Қол  жетпес  қос  анарға  қарашы  әне,

Маржандай  мөлдір  тамшы  жарасады.

Қызғаншақ  жапырақтар  көлеңкесі,

Қыз  төсін  бір  сипауға  таласады.

 

Күйдірген  құпия  боп  ықылымнан,

Бір  сезім  жатыр  бұғып  мықынында.

Жат  көзді  жатырқағыш  жалаңаш  тән,

Өзінен  өзі  ұялып  қысылуда.

 

Бидегі  балерина  аяқ  қандай,

Сезімді  ұйқыдағы  оятқандай.

Табындым  тәңіріне  сұлулықтың,

Көрініс  тұрсын  мәңгі  аяқталмай.