Күн  қақтаған  сауырын  құла  құмдар,

Құла  құмдар, 

сендерге  сұрағым  бар.

Қанша  көлдің  көзіне  суырылып,

Қанша  өзеннің  төсіне  құладыңдар?

 

Қанша  шаһар,  өзін  зор  сезінетін,

Жалауыңнан  бір  сенің  шегінетін.

Ант  еттің  бе  жатуға  жағыңды  ашпай,

Сан  ғасырдың  жасырып  шежіресін.

 

Тамшы  бермей  тамызда  өлі  көлдер,

Құмнан  саумал  сапырды  пері  желдер.

Ізсіз-түзсіз  ғайыпқа  кетті  сіңіп,

Тәуекелге  бел  буған  керуендер.

 

Құла  құмдар!

Құлақ  сал  айтарым  бар,

Өспеп пе  еді  төсіңде  қайсар  ұлдар.

Шейіт  болған  көк  күмбез  шаһарларды,

Көне  тарих  бетіне  қайтарыңдар.

 

Жетісуда  Қаялық  құлап  қырға,

Қаңқасы  тұр  Екіөгіз,  Суябтың  да.

Сыр  бойында  Сығанақ  қалғып  кетсе,

Алты  бірдей  Ақтөбе  құм  астында.

 

Қонып  тұрған  заманда  ғарыш  қолға,

Құпиясын  ашпайды  таныс  қорған.

Шырақ,  Рабат  көнеде  көз  жұмыпты,

Күбірлейді  басында  Бабышмолла.

 

Атырауда,  жататын  шағыл  жанып,

Дәурен  өтті  басыңнан  дабыл  қағып.

От  демімен  құшақтап  Отырарды,

Жатып  алды  құла  түз  сағымданып.

 

Тұран  жерін  Тарғытай  артық  көріп,

Көшпелі  жұрт  ту  байлап  ант  ішкелі.

Сенде  жатыр  құпия  қазына  боп,

Скифтер  мен  Сақтардың  архивтері.

 

Ғайбаттайды  сені  тек  есі  кеткен,

Өткен  дәуір  соңынан  көш  ілескен.

Мәрт  мінезді,

                     ер  жүрек  қазағың  да,

Күлше  піскен  құмыңды  кешіп  өскен.

 

Көнбіс  халық  қазағың – қайран  жұртың,

Қайсарлығын  дедің  бе  қайрап  жүрсін.

Көн  табанын  өзіңде  күйдірмеген,

Көкорайдың  қадірін  қайдан  білсін?!