Тебреніп  тұрғам  жоқ  тегіннен,

Өмірді  еңсеріп  тастадым.

Маңдайдың  баяғы  шебінен,

Шегініп  барады  шаштарым.

 

Білмеппін  бағаңды  кезінде,

Іздеймін  кірпігім  қадалып.

Шоқ  салып  көнерген  сезімге,

Келіп  кет  қонаққа  балалық.

 

Өмірдің  бағына  таласып,

Қыз  сүйіп  көңілді  жібіттік.

Тағы  бір  қалайын  жарасып,

Келсеңші  оралып  жігітік.

 

Сендірер  ізгілік  ісіне,

Үлкендік  жасасақ  жарадық.

Қамқоршы  болайын  кішіге,

Ұқтыршы  сырыңды  ағалық.

 

Ат  басын  тіремей  өтпейін,

Жол  түсіп  аулыңа  жоласақ.

Мезгілсіз  келдің  деп  сөкпейін,

Мазала  жанымды  болашақ.

 

Қайғының  қанатын  жолатпай,

Сарылып  сағынып  тосқаным.

Бәрі  де  келеді  қонаққа,

Төрімде  отырса  достарым.