Арылмай  қойды  тұмаудан,

Көк  тайғақ  күздің  аспаны.

Жаңылмай  қойды  жылаудан,

Жыртылып  бұлттың  астары.

 

Тоқтаса  жаңбыр,  жел  ұлып,

Кезеді  қырды,

                           даланы.

Жайнаған  кеше  Жерұйық,

Жаһаннамға  ұқсап  барады.

 

Бүк  түскен  белсіз  бұтаны,

Сабады  жаңбыр  құлаштап.

Жел  ғана  біліп  ұшарын,

Жөнелді  қаңбақ  жыраққа.

 

Қараша  қайтып  келгелі,

Ықтасын  болмай  күзеуі.

Құстардың  қиқу – керуені,

Түстікке  бетін  түзеді.

 

Жапырақтар  құнсыз  бұйымдай,

Шашырап,

                  желден  жасқанып,

Жылы  да  төсек  бұйырмай,

Жығылды  жерді  жастанып.

 

Ынтымақтардай  адасқан,

Жете  алмай  бірі – біріне,

Жалаңаш  ару – ағаштар,

Өлі  ме,

             әлде  тірі  ме?

 

Тоғайдың  зәре  құтын  ап,

Тулады  дауыл  басынып.

Шыныдай  сынған  шытынап,

Шалшықтар  қалды  шашылып.

 

Қабағы  күннің  қарысып,

Қараша  төнді  қатердей.

Күңреніп  тұрды  бақ  іші,

Әйелсіз  қалған  пәтердей.