Тек  жатып  сұрама  мол  бақыт,

Аз  ауқат  арқалап  жолға  шық.

Қағазға  күн  бойы  шұқшиып,

Отырып  көрдің  ғой  молдасып.

 

Тағдырдың  тепкісін  көтерген,

Таулардың  төсіне  өт  өрлеп.

Бір  соқпақ  жолықса  түсіп  ал,

Ойлама  адасып  кетем  деп.

 

Қырандар  қонатын  қиядан,

Қойнауды  құшақтап  құлаған.

Күмбірлі  күлкіден  жалықпас,

Тазалық  табасың  тұмадан.

 

Жастанып  қайыңның  тізесін,

Көзіңді  бір  сәтке  ілесің.

Содан  соң,  жүре  түс  ілгері,

Баяғы  соқпаққа  ілесіп.

 

Өмірде  сен  шығып  көрмеген,

Жартастар  жолықса  көлденең,

Бір  ерлік  жасайтын  кісідей,

Айналма, 

Тура  тарт  өрмелеп.

 

Жете  алмай  сен  қуған  арманға,

Қайыңдар  төменде  қалғанда,

Тәңірге  табынбас  жігіттей,

Биіктен  қарайсың  жалғанға.

 

Тұрғандай  Эверест  шыңында,

Тербейді  жаныңды  тың  ырғақ.

Ежелгі  сырласың  секілді,

Самалға  жауап  қат  сыбырлап.

 

Тояттап  жұтым  оттегінен,

Өкпеңді  кересің  кеңінен.

Ойдың  да  өрісі  өседі,

Дәріс  ап  табиғат  төрінен.