Қайтемін  жеткізбесе,  ұшамын  ба,

Қойдың-ау  түнгі  соқпақ  тұсадың  да.

Жатырқап  жат  көздерден  жасырынып,

Шайтанкөл  жатыр  шыңның  құшағында.

 

Аймалап  айнымайтын  аңсағаны,

Қимайды  тәтті  ұйқысын  Қарқаралы.

Тұншығып  жапырақтар  тұнбасына,

Торғайлар  таңдай  қағып  тамсанады.

 

Көк  майса  күміс  шықпен  көмкеріліп,

Жартастан  майда  қоңыр  тер  төгіліп.

Шұғыла  шашырады  шың  төсіне,

Шатқалға  түн  құлады  төңкеріліп.

 

Көтеріп  көкжиекке  күнді  күрең,

Көк  тұман  түсті  таудың  кіндігінен.

Ысырып  таңнын  торғын  шымылдығын,

Түңдігін  Қарқаралы  түрді  білем.

 

Қозғасаң  құпиясын  кешірмейтін,

Қалғиды  қас  батырдың  төсіндей  шың.

Мөлдіреп  Шайтанкөлдің  шарасында,

Бір тамшы сезім  тұрды  шешілмейтін.

 

Кеткендей  көк  тамызып  көгілдірін,

Шалқиды  шабыттанып  көлің  бүгін.

Ақша  бұлт,

Әсем  қайың,

Жалғыз  арша,

Қайсыңа  берсем  екен  көрімдігін.