Ай  өтті,  міне, 

                  шуақтым,

Көзіңді  сенің  көрмедім.

Сазындай  сері  бұлақтың,

Күлкіңе  кәусар  шөлдедім.

 

Бұл  жерде  тыныш  береке,

Арбайды  жанды  бояу  мың.

Сезімге  жомарт  жер  екен,

Тек  өзің  жоқсың,

Аяулым.

 

Алматы  әсем,

                       сабазың,

Қиялдан,  сірә,  жаралған.

Тисін  деп  сенің  табаның,

Көшелер  текше  қаланған.

 

Еңсесі  түсіп  көрмеген,

Таулары  қандай  тамаша.

Қайтсе  де  олар «сен»  деген,

Махаббатымнан  аласа.

 

Жемісі  сенің  ерінің,

Ауасы  сенің  тынысың.

Сұлулардан  да  жерініп,

Кетіп  жүр,  қалқам,  тынышым.

 

Жылжымай  шабан  уақыт,

Сағыныш  самал  сыңсиды.

Түндерім  түске  ұласып,

Төрт  бөліп  жүрмін  ұйқымды.

 

Бұзады  кейде  ойымды,

Дір  етіп  көңіл  пернесі.

Тұрғандай  тосып  жолымды,

Кірпіктеріңнің пердесі.

 

Өзіңсіз  жерде  сеземін,

Бақытты  болу  бекер – ау!

Байқасам

              жәннат  дегенім –

Өзің  жүрген  жер  екен – ау.