Ақ  күміс  пе,

Ақ  түбіт  пе,

Тұрған  көктен  себелеп.

Жетелейді  жақсы  үмітке,

Күміс  қанат  көбелек.

 

Кір  шалдырмас  ақ  бедерлі,

Жапалақ  қар  жауады.

Таңның  таза  акварелі,

Өрнектейді  ауаны.

 

Бәрі,

Бәрі  қызық  маған,

Торғын  тұнба  шартарап.

Аяулым  ба  қызықтаған,

Жанарымды  қалқалап.

 

Қала  қалды  қар  астында,

Қырау  ілді  қас,  қабақ.

Бейне  мұнар  арасында

Жатыр  жүріп  маскарад

 

Әлде  бөтен,

Әлде  таныс,

Қар  шөмеле  көшеді.

Қарақат  көз,  кірпік  қағыс,

Бір  жалт  етіп  өшеді.

 

Қызыл  шырай  ірең  беріп,

Аппақ  мәрмәр  мүсінге.

Гүл  еріндер  барады  еріп,

Ақ  шашақтың  ішінде.

 

Қар  ішінде  шапағат  бар,

Іздегенін  тапты  кім...

Қыста  жанған  махаббаттар,

Қардай  болсын  пәктігің!