Тас  тұрды  үнсіз

Тұлғасы,

Бейнелеп  адам  баласын.

Белгісіз  қанша  тұрғаны,

Күзетіп  қазақ  даласын.

 

«Таңбалы  тас»  деп  аталып,

Біздерге  созып  қол  ұшын.

Аруағын  сақтап  атаның,

Өтеп  тұр  биік  борышын.

 

Сан  ғасыр  өтті  тізіліп,

Өмірдің  кешіп  өткелін.

Бұл  таспен  жасты  тірінің,

Керуені  көшіп  кеткелі.

 

Тастарды  талай  құлатып,

Тоздырған  таудың  иығын.

Күшіне  сенген  уақыт,

Имепті  бұның  иінін.

 

Батыр  ма  көшке  ермеген,

Ойларға  батып  тұңғиық.

Тылсымды  мылқау  кеудеге,

Заманнан  алған  сыр  құйып.

 

Тұрсын  деп  өмір  жалғасып,

Тас  болып  қатып  қалды  ма?

Төсінде  қалған  таңбасын,

Тосады  менің  алдыма.

 

Сызықтар  нәзік  сезімдей,

Құпия  сырға  тұр  тұнып.

Сұлудың  соңғы  деміндей,

Тұтқында  кеткен  тұншығып.

 

Шабыты  тұрса  от алып,

Ғасырды  жалғап  қоятын,

Мына  бір  фальцет  нотаны,

Кетті  екен  түртіп  қай  ақын.

 

Жыршының  демі  үзіліп,

Қай  дастан  ұмыт  қалмаған.

Таңбаға  үнсіз  үңіліп,

Жұмбақ  боп  жатыр  айналам.

 

Белгісін  білмей  заманның,

Тарихқа  қалай  сиясың.

Отырмын  шешіп  бабамның,

Дактилоскопиясын.