Алатау—Атлант  иықты,

Жоңғардың  жомарт  көсемі.

Еншіңе  сенің  тиіпті,

Аспанды тұру  көтеріп.

 

Кеудеңе сенің өрмелеп,

Шығады  көкке  жарық  күн.

Тізесін  бүгіп көрмеген,

Қаһарманысың  халықтың.

 

Бұлттарды төсеп иыққа,

Мызғымай көкті тіреген.

Көне  көз,

         ойлы миыққа,

Әлемнің мұңы түнеген.

 

Өзіңе  ұқсау  арманым,

Өзіңе  мәңгі  жыршымын.

Бөлісер  көктің  салмағын,

Болсамшы,  шіркін,  бір  шыңың.

 

Мәңгілік саған ылайық,

Біз  үшін  өмір  қас-қағым.

Жұлынып  соғыс  құдайы,

Ауырлап  кетті  аспаным.

 

«Жауласам»-десе тіршілік,

Кетеді  жаның  түршігіп.

Тастарың  тірі  жүректей,

Тұрады  жиі  сілкініп.

 

Өмірім  тартыс,

                   талас-ау,

Дәуірдің  дауы  бітпейді.

Бәрібір  Атлант-Алатау,

Бір  сәтке  тізе  бүкпейді.

 

Сүйсіне  қарап  шыңдарға,

Мұңданба  қалқам,

                                мұңданба.

Қам  жеме,  Халқым,  аспанды,

Алатау  ұстап  тұрғанда